Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты жариялаған мәлімдемесінде айтты.
«Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді.
Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын.
Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін.
Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын.
Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық.
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отыр.
Сондықтан кейбір азаматтарды бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырамын.
Әрине, мемлекеттік органдардың жұмысында олқылықтар бар, бірақ, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі жұмысын адал атқаруда.
Кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз.
Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті.
Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ.
Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!
Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді.
Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!
Біз біргеміз!»,- деді Президент.